Ерлік дәуірі: 103 жас — батырға құрмет

Ерлік дәуірі: 103 жас — батырға құрмет

Бүгін, 2026 жылғы 1 мамыр күні, ішкі істер органдарының ардагері, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, отставкадағы милиция полковнигі Тәңірберген Толғанбаев 103 жасқа толып отыр.

Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес, жеке құрам өкілдері ардагердің шаңырағына арнайы барып, мерейтойымен құттықтады. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ардагерге естелік сыйлықтар табысталып, оның көпжылдық қызметі мен ерлігі үшін шынайы алғыс білдірілді.

Тәңірберген Толғанбаев 1923 жылы Ақсу ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарында шекара әскерлерінде қызмет етіп, ерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Соғыстан кейін ішкі істер органдарында жиырма жылдан астам қызмет атқарып, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімін басқарды. Ол өзін талапшыл әрі әділ басшы ретінде көрсете білді.

Оның тағылымды өмір жолы Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісіне айналып, жазушы Кемел Тоқаевқа да шабыт берген. Бүгінде ардагер үлкен әулеттің ортасында — бала-шағасы, немере, шөбере, шөпшегімен бірге бақытты ғұмыр кешіп отыр.

Полиция департаментінде мұндай тұлғалардың жас қызметкерлер үшін ерлік, отансүйгіштік және адалдықтың жарқын үлгісі екені атап өтілді.

Алматы облысының полициясы ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тілейді.