
Жол қозғалысы саласындағы заң талаптарының сақталуын бақылау тиімділігін арттыру мақсатында полиция қызметкерлері «Қорғау» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін таныстыру бойынша іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары қосымша арқылы көлік құралдарын нақты уақыт режимінде қалай тексеруге болатынын көрсетті. Қосымша мемлекеттік базалардан мәліметтерді жылдам алуға, айыппұл берешегін анықтауға, іздеудегі көліктерді табуға және құқық бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.
Көрсету барысында полиция қызметкерлері бірнеше автокөлікті тоқтатып, мемлекеттік нөмірін сканерлеуден бастап тиісті шаралар қабылдауға дейінгі жұмыс тәртібін таныстырды. Сонымен қатар жүргізушілерге заң талаптары мен құқық бұзушылықтың салдары түсіндірілді.
Жыл басынан бері «Қорғау» қосымшасының көмегімен 12 924 көлік құралы тексерілді. Нәтижесінде:
— айыппұл төлеу туралы нұсқама берілді — 10 259;
— профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді — 2 284;
— қызметтік көлік құралдары анықталды — 480;
— айыптұраққа қойылды — 100;
— 31 әкімшілік хаттама толтырылды;
— 12 жағдайда көлік құралдары хаттамамен бірге айыптұраққа қойылды;
— 17 көлік құралы бағдарламаға сәйкес айыптұраққа орналастырылды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, «Қорғау» сияқты цифрлық жүйелер қызметтің жеделдігін арттырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай технологиялар жол қозғалысына қатысушылармен профилактикалық жұмысты күшейтіп, жол қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі.