«Заң мен тәртіп»: Талғар ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шаралар күшейтілді

«Заң мен тәртіп»: Талғар ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шаралар күшейтілді

Алматы облысында, атап айтқанда Талғар ауданында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті нығайтуға және қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

Жұмыс Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып, жүйелі әрі жоспарлы сипатқа ие. Өткізіліп жатқан шаралардың негізінде құқық бұзушылықтардың алдын алуды көздейтін «Заң мен тәртіп» қағидаты жатыр.

– Негізгі мақсат – жол-көлік оқиғаларының санын азайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру. Ерекше назар жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін қалыптастыруға және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайтуға аударылуда, – деп түйіндеді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Дәурен Құтпанов.

Іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге профилактикалық әңгімелер өткізуде, консультативтік көмек көрсетуде. Азаматтарға жол қозғалысы ережелерін, заң талаптарын және қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау қажеттігі ескертілуде.

– Мұндай шаралар өңір тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасын табады, – деп қосты подполковник Құтпанов.