Алматы облысында «Таза қазақстан» акциясы аясында жастарға арналған профилактикалық іс-шара өтті

Алматы облысында «Таза қазақстан» акциясы аясында жастарға арналған профилактикалық іс-шара өтті

Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында тәлімгерлер мен жас мамандардың кездесуі өтті. Іс-шара Іле өзенінің жағасында орналасқан «Көшпенділер қалашығы» аумағында өтті. Шараның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ нашақорлық пен киберқылмыстың алдын алу болды.
Полиция қызметкерлері жастар арасындағы есірткі қылмыстарының алдын алуға ерекше назар аударды. Қатысушыларға тыйым салынған заттарды қолдану мен таратудың салдары түсіндіріліп, есірткінің заңсыз айналымына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені ескертілді. Сонымен қатар, жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы заңсыз әрекеттерге тарту тәсілдері туралы айтылды.

Акция барысында полицейлер есірткі қылмыстарына қарсы профилактикалық жадынамалар таратып, киберқауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жастарға интернет-алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдары, бөгде адамдарға жеке деректерді, банк карталарының мәліметтерін және SMS-кодтарды беруге болмайтыны түсіндірілді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерді, қоңыраулар мен хабарламаларды қалай анықтауға болатыны айтылды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру аясында полиция қызметкерлері кибереріктілер қозғалысын дамыту туралы да айтып өтті. Бұл қозғалыс халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және интернеттегі қылмыстардың алдын алуға бағытталған.

Профилактикалық бөлімнен бөлек, қатысушылар аумақты тазалау жұмыстарына қатысты. Сонымен қатар, кездесу барысында Алматы облысы Полиция департаменті жас қызметкерлерінің жаңадан құрылған ARLAN спорт клубының құрамына енгені хабарланды. Іс-шара барысында клубтың ресми логотипі таныстырылды.