
Райымбек ауданында Алматы облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармаларының қызметкерлері жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық іс-шара өткізді.
Кездесу аудандық Мәдениет үйінде Алматы облысының Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңесінің қолдауымен ұйымдастырылып, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Іс-шара барысында 9–11 сынып оқушыларына есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қауіптер, оларды таратуға қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ жастарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы заңсыз әрекеттерге тарту тәсілдері туралы айтылды.
Кездесудің жеке бөлімі киберқауіпсіздік мәселелеріне арналды. Полиция қызметкерлері оқушыларға интернет-алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын, жеке деректерді бөгде адамдарға беруге болмайтынын, сондай-ақ күмәнді сілтемелерді, хабарламалар мен қоңырауларды қалай ажырату керектігін түсіндірді.
Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев мұндай кездесулер жасөспірімдердің өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, құқықтық мәдениетін арттыруға және кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алуға ықпал ететінін атап өтті.
Профилактикалық кездесуден кейін қатысушылар Мұқағали Мақатаев атындағы музейдің ашылу салтанатына қатысты.