
14-16 сәуір аралығында Алматы облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және Жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесуге бағытталған «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, бағдаршамның тыйым салатын белгісін елемеу, сондай-ақ жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілеріне ерекше назар аударуда.
Бақылау тиімділігін арттыру мақсатында құқық бұзушылықтарды әуеден анықтауға және қауіпті жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылуда. Дронның бірнеше сағаттық жұмысының өзінде бірқатар құқық бұзушылықтар анықталып, жол-көлік оқиғаларының ауыр зардаптарының алдын алу мүмкін болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру және жолдардағы қайғылы жағдайлардың алдын алу.