
Кеген ауданында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Алматы облысы бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ облыстық есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің қолдауымен жастар арасында есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу және киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі бөлігі басталар алдында Алматы облысы ПД ЖҚАЖ қызметкері Қымбат Ахмет «Чемпиондық рух» жобасы аясында қатысушылар мен қонақтарға таңғы жаттығу өткізді. Спорттық сергіту сәті салауатты өмір салтын ұстанудың, тәртіптің және өз болашағына жауапкершілікпен қараудың символына айналды.
Одан әрі аудандық мәдениет үйінде 9–11 сынып оқушыларына арналған профилактикалық кездесу ұйымдастырылып, онда полиция қызметкерлері есірткі заттарының заңсыз айналымының салдары, сондай-ақ интернет-алаяқтық пен киберқылмыстардың кең таралған тәсілдері туралы жан-жақты түсіндірді.
– Оқушыларға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасөспірімдерді есірткі таратуға тарту тәсілдері, мұндай әрекеттер үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ жеке деректерді қорғау және интернет-алаяқтардың құрбаны болмау жолдары түсіндірілді, – деп қорытындылады Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев.
Іс-шара барысында интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық, жеке ақпаратты бөгде адамдарға бермеу, әлеуметтік желілерде сақ болу, сондай-ақ күмәнді сілтемелерді, қоңыраулар мен хабарламаларды тану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мұндай іс-шаралар жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға, заңдылық қағидаттарын нығайтуға және жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алуға ықпал етеді.