Қарасай ауданында «құқықтық дәріхана» акциясы өтті

Қарасай ауданында «құқықтық дәріхана» акциясы өтті

Қарасай ауданындағы «Апорт» сауда орталығында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқық қорғау органдары қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың түрлі басқармалары өкілдерінің ұйымдастыруымен кең ауқымды «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті.

Іс-шара өтетін орын кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі бұл ауданның ең ірі сауда орталықтарының бірі болып табылады және мұнда күн сайын келушілер саны өте көп. Аудан тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік органдар өкілдеріне тікелей жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түрлі бағыттар бойынша түсіндірме алды.

Акция барысында азаматтарға полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, Қаржылық мониторинг агенттігі, Мемлекеттік кірістер департаменті, сондай-ақ басқа да мемлекеттік құрылымдардың өкілдері кеңес берді.

Келушілер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, салық заңнамасы, азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық қатынастар, көші-қон заңнамасы және өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды.

Әрбір қатысушы жедел түрде білікті жауап алып, қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну бойынша ұсынымдар алды.