
14 сауір күні Алматы облысы Полиция департаментінде жеке күзет ұйымдары басшыларының, жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің және департамент басшылығының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында полиция мен жеке күзет ұйымдарының өзара іс-қимылын күшейту.
Жиын барысында Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы, полиция майоры Алмат Ағыбаев күзет қызметі саласындағы заңнамадағы өзгерістер, біліктілік талаптары және анықталатын негізгі бұзушылықтар туралы баяндама жасады.
Кездесуде білім беру ұйымдары, сауда үйлері, қаржы мекемелері және адамдар көп шоғырланатын нысандардағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Террористік тұрғыдан осал нысандардың қорғалу деңгейін күшейту қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, кадрларды іріктеу сапасын арттыру, күзетшілердің кәсіби даярлығын жетілдіру, төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін пысықтау мәселелері талқыланды. Әсіресе білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша төтенше жағдайлар кезінде бірыңғай дыбыстық хабарландыру сигналын енгізу, жедел хабарлау және әрекет ету алгоритмін әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Алматы облысы Полиция департаменті алдағы уақытта да жеке күзет ұйымдарымен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жүргізе береді.