
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бірыңғай техникалық саясаты аясында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану жөнінде меморандумға қол қойылды.
Қонаев қаласында, сондай-ақ Қарасай және Талғар аудандарында заманауи стационарлық ұшқышсыз ұшу аппараттары енгізілді. Олар Жедел басқару орталығынан орталықтандырылған түрде басқарылады.
– Дрондар нақты уақыт режимінде ауқымды аумақтағы жағдайды бақылауға, ахуал өзгерістеріне жедел әрекет етуге және полиция күштерін уақытылы бағыттауға мүмкіндік береді. Жүйенің басты артықшылығы – қашықтан басқару, бұл әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, қабылданатын шаралардың тиімділігін арттырады, – деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Ақылбек Төлеуов.
Айта кету қажет, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ықтимал оқиғалардың жолын кесуге бағытталған, яғни олар жасалған құқық бұзушылықтарды тіркеуден гөрі профилактикаға басымдық береді. Бұл технологиялар ықтимал қауіптерді ерте кезеңде анықтап, олардың салдарын болдырмауға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында бақылау құралдарын біріктіретін және орталықтандырылған басқаруды қамтамасыз ететін дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы қалыптасуда. Бұл құқық қорғау органдары қызметінің үйлесімділігі мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.