100 миллион теңгеге жасалмақ болған мәміле: Aлматы облысында қауіпті сынапты заңсыз сату әрекетінің жолы кесілді

100 миллион теңгеге жасалмақ болған мәміле: Aлматы облысында қауіпті сынапты заңсыз сату әрекетінің жолы кесілді

Алматы облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қауіпті химиялық зат – сынапты заңсыз сату бойынша мәміленің жолын кесті. Осылайша оның құқыққа қайшы мақсаттарда қолданылуының алдын алып, ауыр зардаптарға жол берілмеді.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары облыстық прокуратураның үйлестіруімен және Алматы облысы бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп жүргізілді. Арнайы операция барысында 100 млн теңгеге бағаланған затты сату кезінде Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев.

Оқиға орнынан жалпы салмағы 3 килограмнан асатын «металдық сынап» заты шыны колбада сақталған күйінде тәркіленді.

– Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп толықтырды полковник Әбікеев.

Айта кету керек, сынап – адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретін аса улы химиялық элемент. Оның булары ауыр улануға, жүйке жүйесінің зақымдануына әкеліп, сондай-ақ ағза мен қоршаған ортада жиналып, ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін.