Алматы облысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі анықталды

Алматы облысында құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі анықталды

Алматы облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан қылмыстық әрекеттің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі күдікті анықталып, ұсталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Анықталғандай, күдіктілер Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде тыйым салынған өсімдіктерді жыл бойы өсіруге арналған арнайы фитозертхана ұйымдастырған. Нысан жасанды микроклимат қалыптастыруға арналған жарықтандыру, желдету және жылу оқшаулау жүйелерімен толық жабдықталған.

Тінту барысында қарасораға ұқсас 100-ден астам түп өсімдік, сондай-ақ оларды өсіруге арналған арнайы құрал-жабдықтар тәркіленді. Сонымен қатар өсімдік тектес заттар мен оларды қолдануға арналған құрылғылар алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 60 кг 740 грамм болатын қарасора өсімдіктері екені анықталды.

Осылайша, есірткі заттарын таратуға бағытталған заңсыз әрекеттің жолы кесіліп, ықтимал өткізу арнасы жойылды. Сондай-ақ азаматтарды, оның ішінде жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алу қамтамасыз етілді.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.