
Алматы облысында жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған тағылымды іс-шара өтті. 7 сәуір күні ҚР Ұлттық ұланының №6654 әскери бөлімінде ұйымдастырылған кездесу 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан Ішкі әскерлер жауынгерлерінің ерлігін еске алуға арналды.
Іс-шараға Алматы облысы полиция департаментінің Тәлімгерлер және Ардагерлер кеңесінің мүшелері, Іле ауданының №38 және №7 орта мектептерінің «Жас сақшы» сынып оқушылары, ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Д.С. Кутпанов, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен полиция өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Бұл тағзым – ел тыныштығы жолында жанын қиған батырларға көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Жиын барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Қайрат Жарылқасынұлы Үмбетов пен ПД Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, генерал-майор С.Т. Нұрахметов жас буынға елге қызмет етудің маңызын атап өтіп, патриотизм мен жауапкершілік – әр азаматтың басты қасиеті екенін жеткізді.
Іс-шара аясында «Жас сақшы» сынып оқушыларына арнайы экскурсия ұйымдастырылып, олар Ұлттық ұланның қызметімен танысты. Оқушылар заманауи техникаларды, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын көріп, әскери қызметтің ерекшеліктері туралы мағлұмат алды.