
Алматы облысының Боралдай кентінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық акция өтті. Іс-шара жастардың белсенді қатысуымен ұйымдастырылып, қоғамдағы өзекті мәселеге нақты әрекет арқылы жауап берілді.
Акцияға 30-ға жуық ерікті қатысып, елді мекен аумағында анықталған 100-ге жуық заңсыз есірткі жарнамасы бар граффити жазбаларын өшірді. Сонымен қатар, тұрғындар арасында 200-ден астам ақпараттық парақша таратылып, 150-ге жуық адаммен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай жазбалар – есірткі заттарын таратудың жасырын арналарының бірі. Оларды жою арқылы құқық қорғау органдары мен белсенді жастар интернет-дүкендерге бағытталған заңсыз сілтемелердің жолын кесіп, ең бастысы – жасөспірімдер мен жастардың есірткі айналымына тартылуының алдын алды. Әрбір өшірілген жарнама – әлеуетті бір қылмыстың, тіпті бір адамның тағдырының бұзылуына жол бермеу деген сөз.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда есірткіге қарсы нөлдік төзімділік қалыптастыру, жастарды салауатты өмір салтына бағыттау және құқық бұзушылықтың алдын алу. Қатысушылар бұл бастама арқылы өздерінің азаматтық ұстанымын айқын көрсетіп, болашаққа бейжай қарамайтынын дәлелдеді.
Айта кету керек, «Заң мен тәртіп» қағидаты – тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осындай бірлескен іс-шаралар арқылы біз есірткісіз, қауіпсіз орта қалыптастырып, жас ұрпақты қорғауға нақты қадам жасаймыз.
Есірткі – болашаққа төнген қауіп. Ал оған қарсы тұру – әрбір саналы азаматтың міндеті.