
Алматы облысында ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны бойынша көші-қон саласындағы жұмыс қорытындыланды. Есепті кезеңде өңірде 15 мыңнан астам шетел азаматы тіркелді, оның ішінде 500-ден астамы алыс шетел елдерінен келген.
– Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3,7 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде шамамен 2,9 мың шетел азаматы және 700-ден астам Қазақстан Республикасы азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану кезінде заң бұзушылықтарға жол берген, – деді Алматы облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Рустем Жарықбасов.
Көші-қон заңнамасын бұзудың көптеген фактілері дер кезінде жолы кесіліп, заңсыз көші-қон мен көлеңкелі жұмыспен қамтуға байланысты неғұрлым ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік берілді.
– Сот шешімдері бойынша 168 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Сонымен қатар, борышкерлерді іздестіру жұмыстары аясында 15 алимент төлемеушінің және 22 өзге де іздеуде жүрген борышкердің орналасқан жері анықталды, – деп толықтырды ведомствода.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын 22 мыңға жуық құжат рәсімделді. Қазақстан азаматтығын 628 адам алды. Сондай-ақ облыс аумағында шетел азаматтарының қатысуымен жасалған құқық бұзушылықтардың жолы кесіліп, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді.