Алматы облысының Балқаш ауданында полиция қызметкерлері браконьерлік фактілерін және балықты заңсыз аулауды тоқтатуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізді.
Жұмыстың күшеюіне негіз болған – Алматы облысы Полиция департаменті бастығы Мейрам Әбікеевтің халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер. Азаматтар балықты заңсыз, тыйым салынған тәсілдермен аулау табиғи экожүйеге айтарлықтай зиян келтіретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Департамент басшылығы нақты тапсырмалар берді. Бақылауды күшейту мақсатында Алматы облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ұлан Садықов оқиға орнына жіберілді.
– Есеп беру кездесуінде көтерілген барлық мәселелер орындалды. Қызметкерлерге жоғары өтімді автокөліктер берілді, қылмыстық істер бақылауға алынды, сондай-ақ заңсыз балық аулау мен аңшылыққа қарсы кең көлемді профилактикалық жұмыс жүргізілді, – деді Ұлан Садықов.
Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 20 құқық бұзушылық анықталып, оның 8-і табиғатты қорғау заңнамасы бойынша тіркелді. Сонымен қатар, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 5 азамат жауапкершілікке тартылды.
– Жүргізіліп жатқан жұмыс «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүзеге асырылуда және ең алдымен қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды сақтауға және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті полковник Садықов.
Полицияда бұл шаралар жергілікті тұрғындардың сұранысы негізінде жүзеге асырылып, табиғи байлықты болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталғаны айтылды. Жұмыс азаматтардың пікірін ескере отырып, жүйелі түрде жалғасын табады.