
«Заң мен тәртіп» қағидаттарын және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеев Балқаш ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
– Іс-шара аудан орталығындағы Мәдениет үйінде өтті. Онда өңірдегі жедел ахуал, қоғамдық қауіпсіздік жағдайы, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндама жасалды. Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді көтеріп, оларға толық әрі нақты жауаптар алды, – деп хабарлады облыстық полицияның бастығы Мейрам Әбікеев.
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында негізгі бөлім аяқталғаннан кейін Мейрам Әбікеев жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке өтініштерін қарады.
Кездесу қорытындысы бойынша тұрғындар ашық диалогқа қанағаттанғандарын білдіріп, полиция басшылығының қолжетімділігін атап өтіп, өз өтініштеріне көңіл бөлініп, мәселелердің жедел шешілгені үшін алғыс айтты.
– Мұндай кездесулер халық пен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтуға, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын одан әрі жүзеге асыруға ықпал етеді, – деп полковник Әбікеев атап өтті.