
Алматы облысында полиция қызметкерлері демалыс күндері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шаралар өткізді.
– Негізгі құралдардың бірі – «Ekin Patrol» жүйесімен жабдықталған патрульдік автокөліктер. Бұл – жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркейтін заманауи жүйе. Оның басты ерекшелігі – құқық бұзушылықтарды жүргізушімен байланыссыз тіркеу, ал барлық деректер автоматты түрде әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне жолданады, – деп хабарлады полицияда.
«Ekin Patrol» жүйесін пайдалану арқылы жылдамдық режимін бұзу және қауіпті маневрлердің жолы кесілді. Барлығы 5 күн ішінде 100-ден астам құқық бұзушылық анықталды.
Полицияда атап өткендей, мұндай технологияларды енгізу ең алдымен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жүргізушілердің тәртібін арттыруға бағытталған. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – өз қауіпсіздігіңіздің кепілі.