АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДРОНДАР ПОЛИЦИЯҒА ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНІҢ ӨРЕСКЕЛ БҰЗУШЫЛЫҚТАРЫН АНЫҚТАУҒА КӨМЕКТЕСУДЕ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДРОНДАР ПОЛИЦИЯҒА ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНІҢ ӨРЕСКЕЛ БҰЗУШЫЛЫҚТАРЫН АНЫҚТАУҒА КӨМЕКТЕСУДЕ

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарын анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Өткізіліп жатқан іс-шаралардың негізгі мақсаты — жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Қазіргі уақытта патрульдік полиция қызметкерлері заманауи технологияларды белсенді түрде қолдануда. Атап айтқанда, жолдағы жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары — дрондар пайдаланылады. Бүгінде полиция бөлімшелерінде осындай 14 құрылғы қолданыста.

Дрондарды пайдалану жол қозғалысы ережелерінің ең қауіпті бұзушылықтарын, соның ішінде қарсы қозғалыс жолағына шығу сияқты әрекеттерді тиімді тіркеуге мүмкіндік береді. Мұндай маневрлер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіріп, ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.

— Жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен қарсы жолаққа шығудың 59 дерегі анықталып, жолы кесілді. Барлық құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады полицияда.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздік әрбір қатысушының жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауға шақырады.