
Алматы облысы Полиция департаментінде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік атмосферада ер азамат полиция қызметкерлері ведомствода қызмет атқарып жүрген 407 аруды құттықтап, олардың кәсібилігіне, жауапкершілігіне және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіне шынайы алғыс білдірді. Сонымен қатар ішкі істер органдарында қызмет ететін әйелдердің жоғары жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызметті отбасыға қамқорлық жасап, бала тәрбиесімен үйлестіре білетіні ерекше атап өтілді.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің жұбайлары мен бүгінгі күнге дейін жас буынға өз тәжірибесін бөлісіп келе жатқан ішкі істер органдарының ардагерлері болды. Құттықтауларға Қонаев қаласындағы «Жас сақшы» полиция сыныптарының оқушылары да қосылып, әйел-полицейлерге адал қызметі мен мамандыққа деген беріктігі үшін алғыс білдірді.
Мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен 10 қызметкер марапатталды, тағы 3 қызметкерге облыс әкімдігінің алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар департамент бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеевтің бұйрығымен 221 қызметкерге алғыс жарияланып, барлық әйел-полицейлерге ақшалай сыйақылар берілді.
Салтанатты кеш қазақстандық танымал өнерпаздардың қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталып, қонақтарға көтеріңкі көктемгі көңіл-күй сыйлады.