
Алматы облысы Полиция департаментінде халықаралық және республикалық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер мен оқушыларды салтанатты түрде құрметтеу рәсімі өтті.
Ерекше алғыс сөздер Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің жеңімпазы, ЖҚАЖ инспекторы, полиция капитаны Кымбат Ахметке арналды.
Сондай-ақ Испанияда өткен Boxam Elite 2026 халықаралық бокс турнирінің чемпионы, ЖҚАЖ инспекторы, полицияның аға лейтенанты Умида Садықова да құттықтауларға ие болды. Ол жоғары кәсіби және спорттық дайындық деңгейін көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды.
Іле ауданы №7 мектебінің «Жас Сақшы» әскери-патриоттық сыныбының оқушылары да назардан тыс қалмады. Олар республикалық «Елжанды патриот» байқауда бірінші орынды иеленіп, патриотизмнің, тәртіптің және Отанға қызмет етуге деген ұмтылыстың жарқын үлгісін көрсетті.
Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев жеңімпаздарды құттықтап, өңір мен ел намысын лайықты қорғағандары үшін алғыс білдірді және естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ арнайы бөлімше қызметкерлерінің ата-аналарына және балаларына жылы лебіздер айтылып, олардың қолдауы жоғары нәтижелерге жетуде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Іс-шара соңында ведомство басшысы бұл жетістіктердің тек полицияның ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы екенін ерекше атап өтті.