
2026 жылғы 31 қаңтарда Конституциялық комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын қоғам талқылауына ұсынды. Құжат Преамбуладан, 11 бөлім және 95 баптан тұрады. Қолданыстағы Конституциямен салыстырғанда баптардың басым бөлігі жаңартылған, бұл ауқымды реформалық өзгерістерді білдіреді.
Жобада мемлекеттік билік жүйесі қайта қаралған. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай енгізу ұсынылады. Құрылтай 145 депутаттан тұрып, олар пропорционалды сайлау жүйесі бойынша 5 жылға сайланады.
Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалады. Құқықтар халықаралық стандарттарға сәйкес бекітіліп, алғаш рет цифрлық ортадағы құқықтар мен жеке деректерді қорғау конституциялық деңгейде қарастырылады.
Құжатта консультативтік-диалогтық алаң ретінде Халық Кеңесін құру, сондай-ақ Вице-Президент институтын енгізу ұсынылған.
Преамбулада және негізгі баптарда тәуелсіздік, тұтастық, қоғамдық келісім, әділеттілік пен заң үстемдігі басты қағидаттар ретінде бекітіледі. Білім, ғылым, мәдениет пен инновация ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде айқындалады. Сонымен қатар отбасы институты, ер мен әйелдің тең құқықты некесі конституциялық деңгейде нығайтылмақ.
Жобаға сәйкес, заң мен сот алдында барлығы тең, кемсітудің кез келген түріне жол берілмейді. Мемлекет заң үстемдігін және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, адам құқықтарын күшейтуге және қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды реформалық қадам.