АЛМАТЫ ОБЛАСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА «ТҰРМЫС» ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ

АЛМАТЫ ОБЛАСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА «ТҰРМЫС» ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында 15–22 ақпан аралығында Алматы облысының аумағында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты — отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және өңірдегі қылмыстық ахуалды тұрақтандыру.

Іс-шара барысында Қарасай ауданының полиция қызметкерлері, «Отбасыны қолдау орталығы» және облыс Прокуратурасы өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық жанжалдар үшін уақытша оқшауланған азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізді.

Агрессивті мінез-құлық танытқан тұлғаларға заң талаптары түсіндіріліп, психологтардың қатысуымен түзету және кеңес беру шаралары ұйымдастырылды. Отбасыға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, жанжал деңгейін төмендетуге және құқықбұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге ерекше назар аударылды.

Отбасылық құндылықтарды қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.