
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында полиция органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Осы жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – Төңкеріс ауылы тұрғындарының алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту туралы шешімі болды. Осылайша, бұл елді мекен облыс бойынша спирттік ішімдіктерді сатуға ерікті түрде тыйым енгізген он екінші ауыл атанды.
Аталған бастама полиция қызметкерлері, ақсақалдар кеңесі және ауылдың белсенді тұрғындары тарапынан қолдау тапты. Қабылданған шешім қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрақтылықты нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Алкогольден бас тарту құқық бұзушылықтардың азаюына, отбасылық құндылықтардың нығаюына және өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Ауылда спорт саласы дамып, салауатты өмір салты насихатталып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасалуда.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі негізінде жүзеге асырылады. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға болады.
Полиция аталған бастаманы қолдаған барлық азаматтарға, белсенді тұрғындар мен қоғам көшбасшыларына алғыс білдіреді. Бұл үлгі өзге елді мекендер үшін бағдар болып, заңға бағыну мәдениеті мен салауатты өмір салтын дамытуға серпін береді деп күтілуде.