АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КИБЕРПОЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ МЕДРЕСЕДЕ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КИБЕРПОЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ МЕДРЕСЕДЕ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Алматы облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұлттық құндылықтарды насихаттайтын заманауи медреседе профилактикалық кездесу өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, киберқылмыстың алдын алу және алаяқтықтың заманауи түрлері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жиі кездесетін алаяқтық схемалар, жеке деректерді қорғау жолдары, фейк аккаунттар мен күмәнді сілтемелердің қауіптілігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, онлайн-ойындар мен түрлі платформалар арқылы жасалатын қаржылық алаяқтық фактілеріне ерекше назар аударылды.

Медресе шәкірттері мен ұстаздары мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Практикалық мысалдар арқылы интернеттегі қауіпсіздікті сақтаудың тиімді тәсілдері көрсетілді.

Шара соңында қатысушыларға киберқауіпсіздік бойынша жадынамалар таратылып, кез келген күмәнді жағдай туындаған кезде 102 нөміріне хабарласу қажеттігі ескертілді.

Алматы облысы Полиция департаменті азаматтарды интернет кеңістігінде сақ болуға және өз жеке деректерін қорғауға шақырады.v