
Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев кезекті рет облыс тұрғындарын қабылдады. Апта сайынғы азаматтарды жеке қабылдау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында өткізіліп, полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтудың тиімді құралына айналуда.
Өңірдің әр ауданынан келген тұрғындар облыстық полиция басшысына жүгінгіп, негізінен қылмыстық істерге, қылмыстарды тергеуге, қабылданған процессуалдық шешімдердің заңдылығына қатысты мәселесін көтерді. Көптеген азамат үшін бұл кездесу өз мәселесін тікелей айтып қана қоймай, күрделі құқықтық жағдайлар бойынша жауап алу мүмкіндігі.
– Әрбір өтініш – тек қана шағым емес, адамның өмірі, әділетсіздік туралы белгі. Біздің міндетіміз – заң аясында естіп, түсініп, көмектесу. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды. Барлық мәселе жеке бақылауыма алынып, қолданыстағы заңнамаға және белгіленген мерзімге сәйкес орындалады, – деп атап өтті полиция полковнигі Мейрам Әбікеев.
Мұндай кездесулер ресми шара ғана емес, қоғам мен құқық қорғау жүйесі арасындағы диалогтың нақты тетігі болып табылады. Әрбір өтініш жеке қаралып, әрқайсысы жан-жақты тексеріледі.
Айта кетейік, соңғы кездері полиция басшылығымен жеке кездесуге ниет білдірген азаматтардың саны артқан. Бұл қоғам сенімінің артып келе жатқанын және полицияның өзара іс-қимылға ашықтығын көрсетеді.