ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА «KASKELEN CUP–2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ

ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА «KASKELEN CUP–2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ

2026 жылғы 31 қаңтар мен 1 ақпан күндері Қарасай ауданының №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде киокушинкай-кан каратэден ашық дәстүрлі X «KASKELEN CUP–2026» республикалық турнирі өтті.

Аталған жарысқа еліміздің әр өңірінен 250-ге жуық жас спортшы қатысып, жоғары деңгейде өзара мықтыны анықтады.

Спорттық шара жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ өсіп келе жатқан ұрпақтың рухын, тәртібі мен төзімділігін нығайтуға бағытталды.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында іс-шараға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысып, қатысушылар мен көрермендерге профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыс жастардың есірткінің заңсыз айналымына және өзге де құқық бұзушылықтарға тұрақты түрде теріс көзқарасын қалыптастыруға бағытталды.

Турнир «Жастар рухы» жастар қанатының Алматы облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды. Ұйым өкілдері алдағы уақытта да серіктестермен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, сондай-ақ жастар арасында құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдай беретінін атап өтті.