ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, АШЫҚТЫҚ ПЕН ДИАЛОГ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНДЕ 2025 ЖЫЛДЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, АШЫҚТЫҚ ПЕН ДИАЛОГ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНДЕ 2025 ЖЫЛДЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Алматы облысы Полиция департаментінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын іске асыру аясында 2025 жылдағы қызмет нәтижелеріне арналған қорытынды жедел кеңес өтті.

Кеңес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Арман Садановтың төрағалығымен өтті. Іс-шараға Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеев, басшылық құрам, аумақтық бөлімшелердің басшылары мен жеке құрам қатысты.

Кеңес барысында департамент бастығының орынбасарларының есептері тыңдалып, анықталған кемшіліктер жан-жақты қаралды, сондай-ақ өткен жылғы жұмыс нәтижелері талданды. Нәтижесінде алдағы кезеңге арналған басым міндеттер мен негізгі жұмыс бағыттары айқындалды.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, халықтың полицияға деген сенімін арттыруға және азаматтармен ашық, сындарлы диалогты дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қоюдың, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен полиция қызметін қоғамның нақты сұраныстарына бағыттаудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарының бірі болып табылады.

Кеңес қорытындысы бойынша қызметтер мен бөлімшелер басшыларына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға, ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыруға және Алматы облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.