
Бүгін Қарасай ауданының орталық Мәдениет үйінде республикалық «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы аясында ерекше мәнге ие шара ұйымдастырылды. Ауданға қарасты колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында өткен «Жан жарасы» тақырыбындағы бейнероликтер байқауының үздік шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды, ал қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды.
Шараның әділ қазылар құрамында Алматы облысы Полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Динара Тәңірберген, Гүлзада Сабурова және аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры болды. Олар қатысушылардың жұмыстарына жоғары жауапкершілікпен баға беріп, әр бейнероликтің мазмұнына, көркемдік деңгейіне және әлеуметтік үндеуіне ерекше назар аударды.
Шара соңында үздік деп танылған қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталып, олардың белсенділігі мен қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеруге қосқан үлестері атап өтілді.
Байқаудың бас жүлдесін Қаскелең мәдениет колледжінің ұжымы иеленіп, көрермендер мен қазылардың жоғары бағасына ие болды. Ұйымдастырушылар зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған мазмұнды, әсерлі және жүрекке жететін бейнероликтері үшін барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
Бұл іс-шара жас буынның қоғамдағы өзекті мәселелерге бей-жай қарамай, адам құқығын қорғау жолында белсенді ұстанымда екенін көрсетті. Аудан жастарының осындай әлеуметтік маңызды бастамаларға қатысуы – қауіпсіз, тұрақты және мейірімді қоғам қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды.