
Алматы облысы, 10 қазан 2025 жыл – Алматы облысында қазан мен желтоқсан айлары аралығында өтетін «Жас сақшы» полиция сыныптарының жоспарлы іс-шаралар кестесіне сәйкес тәрбиелік және патриоттық бағыттағы кездесу Іле ауданының №38 гимназиясында өтті.
Іс-шара барысында 7-сынып оқушылары салтанатты түрде ант қабылдап, полиция қатарына қосылудың алғашқы қадамын жасады. Бағдарлама аясында жасөспірімдерге Калашников автоматының құрылымы көрсетіліп, оны бөлшектеу және жинау тәртібі іс жүзінде түсіндірілді. Сондай-ақ, көрсетпелі күрес тәсілдері мен саптық дайындық элементтері таныстырылды.
– Тәрбиелік бөлімде «Заң мен тәртіп», «Міндет, Ерлік, Абырой» тақырыптарында мазмұнды әңгімелер жүргізіліп, жас сақшылардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік пен адалдық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған түсіндірме жұмыстар ұйымдастырылды – деді полицияда.
Іс-шараға 300-ге жуық оқушы мен 50-ден астам қонақ қатысты. Олардың қатарында Алматы облысының құқық қорғау органдарының өкілдері, ата-аналар комитетінің мүшелері, аудандық және облыстық білім басқармаларының қызметкерлері болды.
Мектеп оқушыларының шағын концерттік бағдарламасы және гироскутермен мемлекеттік Туды алып шыққан «Жас сақшы» тобының әсерлі көрінісі көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
«Жас сақшы» жобасы – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті нығайту, тәртіп пен патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты елге адал қызмет етуге, Отанын қорғауға және құқықтық қоғам құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелейді.