
Алматы облысында полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу мақсатында белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында учаскелік инспекторлар шаруа және фермер қожалықтарын аралап, мал иелеріне өз мүлкін ұрылардан қорғау жолдарын түсіндіруде.
Полицейлердің айтуынша, бақташысыз еркін жайылған мал барымташылар үшін жеңіл олжа болып табылады. Сонымен қатар, мұндай жануарлар жолға шығып, жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.
– Біздің міндетіміз – тек қылмысты ашу емес, оның алдын алу. Бүгінгі таңда полиция жұмысы «Заң мен тәртіп» қағидаттарына және құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік ұстанымына негізделген, – деп атап өтті Алматы облыстық полиция департаментінде.
Малды дұрыс жаюды бақылауға ерекше назар аударылады. Егер жануарлар қараусыз қалып, қауіп төндірсе, полиция қызметкерлері оларды арнайы тұрақтарға жеткізуге құқылы. Бұл шара мал иелерінің жауапкершілігін арттыруға, ұрлықтың алдын алуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мал ұрлығының алдын алу жұмыстары Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеевтің жеке бақылауында. Қазіргі уақытта мал таудан түскен, соғым маусымы басталған кезеңде полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып, бақылау мен патрульдеуді күшейтті.
Айта кетейік, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 719 мал ұрлығы фактісі тіркелді. 63 адам ұсталып, 8 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, 26 күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Полицияның жедел жұмысының нәтижесінде иелеріне 516 бас мал қайтарылды. Жалпы залал 126,2 миллион теңгені құрап, оның 74,5 миллион теңгесі жәбірленушілерге өтелді.