Алматы облысы ПД-нің Жеке құраммен жұмыс басқармасы ішкі істер органдарына қызметке кіруге ниетті азаматтарды тұрақты түрде іріктеуді жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыста түсіндіру және ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріледі. Жастармен кездесулер, ашық есік күндері тұрақты түрде өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бос жұмыс орындары жарияланады.
Аталған жұмыстың мақсаты – кадрлық құрамды толықтырумен қатар, полиция қызметінің жағымды имиджін қалыптастыру және азаматтардың құқық қорғау қызметіне деген қызығушылығын арттыру.
Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікев ішкі істер органдарын кадрлармен жасақтау мәселесін ерекше бақылауда ұстайды. Ол жаңа қызметкерлерді сапалы іріктеу мен даярлау қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызды алғышарт екенін атап өтеді.
– Үміткерлерге кәсіби оқытудың толық циклі, оның ішінде тәжірибеден өту мүмкіндігі ұсынылады. Сонымен қатар, тұрақты жалақы, әлеуметтік кепілдіктер және мансаптық өсу қамтамасыз етіледі. Полициядағы жұмыс – бұл тек мамандық қана емес, бұл – миссия. Біз қоғамға адал қызмет етуге дайын, мақсатшыл, жауапты азаматтарды өз қатарымызға қосылуға шақырамыз, – деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ұлан Садықов.
ІІО-да қызметке орналасу шарттары мен бос жұмыс орындары туралы толық ақпаратты тұрғылықты жеріңіздегі кадрлық жұмыс басқармасынан немесе +7 771 825 12 93 нөміріне (сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін) қоңырау шалу арқылы алуға болады.