КОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

КОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Алматы облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Конаев қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алуға және цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.

Іс-шара аясында Халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымы, сондай-ақ «Банк ЦентрКредит», «Халық банкі», «ForteBank» және «Alatau Bank» коммерциялық банктерінің филиал қызметкерлерімен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.

Полицейлер қатысушыларға фишинг, банк шоттарын бұзу, телефон арқылы жасалатын алаяқтық және жалған интернет-ресурстар сияқты кең тараған киберқылмыс түрлері туралы айтты. Әсіресе жеке деректермен, онлайн-банкингпен және әлеуметтік желілермен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, халық көп шоғырланатын орындарда азаматтарға киберқауіп-қатерден қорғануға арналған практикалық ұсыныстар жазылған ақпараттық жадынамалар таратылды. Жергілікті тұрғындармен де цифрлық және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша әңгімелер жүргізілді.

– Мұндай профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады және азаматтардың интернетте қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ жоғары технологиялар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, – деп қорытындылады полицейлер.