Алматы облысы Полиция департаментінде еріктілер қозғалысының белсенді өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. Кездесу «Қаржылық сауаттылық күні» акциясы аясында ашық форматта ұйымдастырылды. Алматы облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған іс-шараны Департамент бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов жүргізді.
– Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда полицияға қолдау көрсетіп жүрген еріктілерге алғыс білдіру, сондай-ақ алдағы бірлескен жұмыстардың жолдарын талқылау,-деді полиция полковнигі Б. Әшімов.
Кездесуде сөз бастаған Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Нұржан Кеңесханұлы еріктілердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталып, полиция мен азаматтық қоғам арасындағы ашық диалогтың маңызын атап өтті.
– Ашық талқы барысында қатысушылар бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Полиция мен еріктілер арасындағы ынтымақтастықты қалай арттыруға болады, қандай бастамаларға қолдау қажет, жергілікті деңгейде еріктілер қандай қиындықтарға тап болуда, – деп қорытындылады Бағдат Әшімов.
Кездесу соңында қоғамдық қауіпсіздікке қосқан үлестері мен белсенді азаматтық ұстанымдары үшін қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлық табысталды.