БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ БІРНЕШЕ ФАКТІСІН АШТЫ

БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ БІРНЕШЕ ФАКТІСІН АШТЫ

Балқаш ауданының полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ірі қара мал ұрлығына қатысы бар үш күдікті ұсталды.

Ауқымды жедел іс-шаралардың басталуына жергілікті тұрғынның мал жоғалғаны жөнінде жасаған арызы себеп болды. Полиция қызметкерлері тексеру барысында күдіктілердің жеке басын анықтап, ұстады. Тергеу барысында күдіктілер бес ұрлық фактісі бойынша кінәсін мойындады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұрланған мал саны – 46 бас, келтірілген шығын көлемі 15 миллион теңгеден асады.

– Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Құқық қорғау органдары азаматтарға мүліктерін қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдаудың, оның ішінде бейнебақылау камераларын орнату мен жайылымдарды бақылауда ұстаудың маңыздылығын ескертеді.