Жол-көлік оқиғалары мен мал ұрлығының алдын алу мақсатында Балқаш ауданының полиция қызметкерлері төрт түліктің еркін жайылуын бақылауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды күшейтті.
Рейд барысында жол бойында немесе автожолға жақын маңда қараусыз жүрген ірі қара мал анықталады. Мұндай бақылаусыз жайылым жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, мал ұрлығы қаупін де арттырады.
Анықталған қараусыз мал арнайы қоршауларға орналастырылады. Кейін полиция қызметкерлері мал иелерін анықтап, оларды жайылым ережелерін сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартады.
Сонымен қатар, профилактика аясында полиция қызметкерлері ауыл әкімдіктерімен және шаруа қожалық иелерімен бірлесіп, малға жарық шағылыстыратын элементтері бар арнайы қарғыбау тағу жұмыстарын қолға алды. Бұл түнгі уақытта жүргізушілердің жолдағы малды алыстан байқап, соқтығысу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Полиция тұрғындарды мал ұстау ережелерін сақтауға шақырып, келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін сақ болуға үндейді.