Алматы облысы полиция қызметкерлерінің балаларына арналған үлкен мереке

Алматы облысы полиция қызметкерлерінің балаларына арналған үлкен мереке

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс орталығында ішкі істер органдары қызметкерлерінің балаларына арналған мереке ұйымдастырылды.

Іс-шара полиция қызметкерлерінің отбасыларына алғыс білдіру мақсатында ұйымдастырылды. Өйткені дәл осы жақындары – отбасы мүшелері – полиция қызметінің барлық ауыртпалығын бірге көтеріп, кез келген сәтте сенімді тірек бола біледі. Балалар үшін түрлі ойын-сауық бағдарламасы, көңілді сайыстар, дәмді тәттілер мен сыйлықтар дайындалды. Аниматорлар көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің әр сәті қуаныш пен шаттыққа толы болды.

– Отбасы – әрбір қызметкер үшін мызғымас тірек. Бүгін біз балаларымызға шыдамдылықтары мен түсініктері үшін алғыс айтқымыз келеді. Олар бізді күтіп, сеніп, мақтан тұтады, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Бұл мереке тағы бір маңызды жайтты көрсетті: полицейлердің балалары адалдыққа, тәртіпке және елге қызмет етуге құрметпен қарайтын ортада өсіп келеді. Бұл қасиеттер олардың өмірлік ұстанымына айналып, болашақта да дұрыс жолмен жүруге негіз болады.