Астанадағы Роза Бағланова атындағы концерт залында ZanMen полицейлік вокалдық тобының орындауындағы «Міндет! Ерлік! Абырой!» атты патриоттық әнінің премьерасы өтті.
Әнді Қарасай аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторлары Ернар Оңғарбаев пен Абдуманап Мынбаев, сондай-ақ Жамбыл аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Арнай Сайлаубаев орындады.
Тұсаукесер «Заң және Тәртіп» тақырыптық апталығы аясында өткен салтанатты іс-шара барысында өтті. Шараға Мемлекет басшысы, құқық қорғау органдарының басшылары, Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы, ардагерлер мен қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасылары қатысты.
«Міндет! Ерлік! Абырой!» композициясы – ішкі істер органдарындағы қызметтің негізінде жатқан борыш, ерлік пен абырой сияқты мәңгілік құндылықтардың музыкалық символына айналды. Вокалдық орындаудың қуаты мен ән мәтінінің терең мазмұны көрермендердің шынайы қошеметі мен тебіренісіне ие болды.
Концерттік бағдарламада отандық белгілі әртістердің де өнер көрсетті. Кештің ерекше атмосферасын полицейлік сыныптардың оқушылары – «Жас сақшы» топтары толықтырды. Олардың қатысуы ұрпақтар сабақтастығы мен жасөспірімдерге патриоттық тәрбие берудің символына айналды.
«Заң және Тәртіп» тақырыптық апталығы – полиция қауымдастығы мен ел азаматтарын әділет, қауіпсіздік және тәртіп сақшыларына деген құрмет сынды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіріп келеді.
Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында, 23 маусым күні Алматы облысының аумағында «Ашық қабылдау» атты кең ауқымды акция өткізілді. Іс-шара «Заң мен Тәртіп» тақырыптық апталығы аясында ұйымдастырылып, халыққа, соның ішінде шалғай елді мекен тұрғындарына құқықтық және консультативтік көмек көрсетуге бағытталды.
Акцияға прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам белсенділері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Облыс бойынша барлығы 14 мобильді қабылдау пункті жұмыс істеді. Арнайы мамандар азаматтарды қабылдап, кеңес берді. Екі күн ішінде азаматтардан 3268 өтініш түсті. Өтініштер түрлі тақырыптарды қамтыды. Құжаттандыру, әкімшілік айыппұлдар, көші-қон заңнамасы және өзге де мәселелер көтерілді, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Сонымен қатар, азаматтарға мопедтерді тіркеуге қазіргі таңда ешқандай кедергі жоқ екендігі түсіндіріліп, бұл көлік құралдары мен олардың жүргізушілеріне қойылатын талаптар да баяндалды.
– Ерекше назар «А» және «А1» санаттарындағы жүргізуші куәліктерін алу, сондай-ақ тиісті санатсыз көлік басқару жауапкершілігі мәселелеріне аударылды, – деп қосты ведомство өкілдері.
Алматы облысында құқық қорғау жүйесін жаңғырту және қоғамдық қауіпсіздікті жақсарту аясында цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Басты мақсат – полицияның жұмысын ашық, жедел және тиімді ету.
Цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі полиция қызметкерлерін әкімшілік хаттамаларды дәл сол жерде толтыратын планшеттермен жабдықтау. Ішкі істер министрлігінің мәліметтер базасына қосылған бұл құрылғы құжаттар мен көліктерді жылдам тексеруге мүмкіндік беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
– GPS навигаторлар патрульдік бригадаларды бақылау үшін пайдаланылады, бұл нақты уақытта маршруттарды қадағалауға көмектесіп, жеке құрам арасындағы тәртіпті нығайтады. Қоғамдық орындарда, көшелер мен жолдарда тәулік бойы бейнебақылау жүргізетін Жедел басқару орталығы маңызды рөл атқарады. Бұл оқиғаларға дер кезінде ден қоюға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,– деп атап өтті полиция өкілдері.
Бұл шаралардың барлығы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға, сондай-ақ құқық қорғау жүйесінің кәсіби, ашық және халықтың сұранысына бағытталған жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.
22 маусымда Алматы облысында «Заң мен тәртіп» қағидасын насихаттау аясында құқық қорғау органы өкілдері биіктігі 4120 метрлік Орджоникидзе шыңына шықты.
Рухани-патриоттық шараға Алматы облысы полиция департаментінің, Бас прокуратура, қаржылық мониторинг агенттігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері қатысты.
Шыңға шығудың мақсаты – рухты нығайтып, құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, заңдылық, әділдік және қоғамға қызмет ету қағидаттарына адалдығын көрсету.
Мұндай бастамалар құқық қорғау органдарының оң имиджін қалыптастыруға және ортақ құндылықтар мен міндеттер негізінде әртүрлі ведомстволардың өкілдерін біріктіруге көмектеседі.
Қонаев қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды.
Қатысушылар Аналар кеңесі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара тиімді іс-қимылға ерекше назар аударды. Полиция өкілдері халықпен диалогтың маңыздылығын, азаматтық қоғам мен әйелдер көшбасшылығының қауіпсіз әлеуметтік ортаны қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Құқық қорғау органдары мен қоғамдық құрылымдардың бірлескен жұмысы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуда өз тиімділігін дәлелдеді.
Кездесу барысында әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, отбасындағы моральдық ахуал үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, әлеуметтік осал топтарды қолдаудағы әйелдердің бастамашылдығы, Аналар кеңесі мен полиция арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың жолдары сөз болды.
Шараға полиция қызметкерлерімен қатар, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, гендерлік саясат саласындағы сарапшылар мен қоғамдық ұйым жетекшілері де қатысты.
– Кездесу қорытындысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды күшейту, ағарту бағдарламаларын енгізу және халық арасында ақпараттық жұмыстарды кеңейтуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Полиция мен Аналар кеңесінің бірлескен бастамалары қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосып, қазақстандық отбасыларда зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруда.
Бүгін Алматы облысы полиция департаментінде ерекше кездесу өтті. Облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай, тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтап, алғыс білдірді.
– Біз әрқашан полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істейміз. Балалар мен жасөспірімдердің тәртібі мен тәрбиесі бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңыз орасан. Полиция өкілдері біздің мамандарды әрдайым қолдап, әрқашан көмек қолын созады. Осы орайда өңірдегі барлық полиция өкіліне зор алғыс білдіргім келеді. Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, қызметтеріңізге мол табыс тілейміз,– деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы.
Құттықтауды ерекше ықыласпен қабыл алған Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев білім басқармасының ұжымына алғыс айтып, полиция қызметкерлері алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқаратынын айтты.
– Полиция қызметкерлері әрдайым облыстағы барлық мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесе жұмыс істейді. Әсіресе, білім саласының мамандарымен тығыз қарым-қатынаста бірлескен шараларды атқарып келеді. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береміз, – деді полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.
Айта кетейік, Алматы облысының полицейлері балалар мен жаспөспірімдердің қауіпсіздігі мақсатында алдын алу жұмыстарын тұрақты атқаруда. «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Қазір цифрлық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан уақытында киберқылмыстардың саны да артып келеді. Бұл жайттың алдын алу мақсатында Алматы облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Алаяқтыққа жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы туралы брифинг өткізді.
Полиция өкілдері қылмыскерлер жиі қолданатын интернет-алаяқтық схемалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Олардың арасында жалған банк қызметкерлерінің қоңыраулары, өтемақы туралы жалған уәделер, инвестициялық ұсыныстар, «жылдам» несиелерді рәсімдеу, сондай-ақ интернеттегі алаяқтық жарнамалар бар.
– Біз жасөспірімдер мен жастарды ақпараттандыруға ерекше мән береміз. Өкініштісі, жастардың өздері байқамай қылмысқа сыбайлас болып кетуі, банк картасының деректерін аудару немесе өз атына есепшот ашу жағдайлары көбейіп кетті. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деп атап өтті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Кеңесханұлы.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Сайлаухан шараның басты мақсаты тек киберқылмыстардың алдын алу ғана емес, қоғамда қырағылық пен цифрлық сауаттылықты дамыту екенін айтты.
Облыстың барлық аудан, қалаларында профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесулер өткізіп, ақпараттық буклеттер таратуда. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері күдікті қоңырауларға сенбеуді, белгісіз сілтемелерге жазылмай, ешкімге жеке деректер мен банктік деректерді бермеуді ескертеді.
Бүгін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев кезекті рет облыс тұрғындарын қабылдады. Апта сайынғы азаматтарды жеке қабылдау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында өткізіліп, полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтудың тиімді құралына айналуда.
Өңірдің әр ауданынан келген тұрғындар облыстық полиция басшысына жүгінгіп, негізінен қылмыстық істерге, қылмыстарды тергеуге, қабылданған процессуалдық шешімдердің заңдылығына қатысты мәселесін көтерді. Көптеген азамат үшін бұл кездесу өз мәселесін тікелей айтып қана қоймай, күрделі құқықтық жағдайлар бойынша жауап алу мүмкіндігі.
– Әрбір өтініш – тек қана шағым емес, адамның өмірі, әділетсіздік туралы белгі. Біздің міндетіміз – заң аясында естіп, түсініп, көмектесу. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды. Барлық мәселе жеке бақылауыма алынып, қолданыстағы заңнамаға және белгіленген мерзімге сәйкес орындалады, – деп атап өтті полиция полковнигі Мейрам Әбікеев.
Мұндай кездесулер ресми шара ғана емес, қоғам мен құқық қорғау жүйесі арасындағы диалогтың нақты тетігі болып табылады. Әрбір өтініш жеке қаралып, әрқайсысы жан-жақты тексеріледі.
Айта кетейік, соңғы кездері полиция басшылығымен жеке кездесуге ниет білдірген азаматтардың саны артқан. Бұл қоғам сенімінің артып келе жатқанын және полицияның өзара іс-қимылға ашықтығын көрсетеді.
Ағымдағы жылдың 12-30 маусым аралығында Алматы облысы аумағында «Алаяқтыққа жол жоқ» атты жедел алдын-алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара аясында облыс тұрғындарына интернет-алаяқтықтың түрлері мен одан қорғану жолдары жөнінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған шара шеңберінде Алматы облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Қонаев қаласы полициясымен бірлесе отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Саптық тарату барысында азаматтарға интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері, жалған банк қызметкерлері арқылы жасалатын алаяқтық, фишингтік сайттар, инвестициялық және онлайн сауда платформалары арқылы жасалатын қылмыстар жайлы толыққанды ақпарат берілді.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары Қонаев қаласындағы «Су арнасы» мекемесінде де арнайы кездесулер өткізіп, мекеме қызметкерлеріне киберқылмыстың алдын алу, алаяқтардың айла-тәсілдері және жеке деректерді қорғау бойынша кеңестер айтты.
Полиция қызметкерлері азаматтарды бейтаныс сілтемелерге өтпеуге, күмәнді қоңырауларға сенбеуге, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін бөгде тұлғаларға бермеуге шақырады.
Балқаш ауданының полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ірі қара мал ұрлығына қатысы бар үш күдікті ұсталды.
Ауқымды жедел іс-шаралардың басталуына жергілікті тұрғынның мал жоғалғаны жөнінде жасаған арызы себеп болды. Полиция қызметкерлері тексеру барысында күдіктілердің жеке басын анықтап, ұстады. Тергеу барысында күдіктілер бес ұрлық фактісі бойынша кінәсін мойындады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұрланған мал саны – 46 бас, келтірілген шығын көлемі 15 миллион теңгеден асады.
– Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Құқық қорғау органдары азаматтарға мүліктерін қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдаудың, оның ішінде бейнебақылау камераларын орнату мен жайылымдарды бақылауда ұстаудың маңыздылығын ескертеді.