Полицияға Ақтөбе облысының тұрғыны алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, ол бірнеше айға пәтер жалдауға ниет білдірген. Осы мақсатта ол хабарландыру сайтынан өзіне қолайлы пәтерді тауып, үй иесіне қоңырау шалған. Белгісіз адам пәтерді жалға беретінін айтып, жәбірленушіден 110.000 теңге сомасында ақша сұраған. Ақшаны алғаннан кейін «жалға беруші» хабарсыз кеткен.
Тергеп-тексеру барысында аталған пәтерді күдікті бір тәулікке жалға алғаны анықталды. Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Күдікті адамды анықтау мен ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті азаматтарға сайттар немесе әлеуметтік желілердегі хабарландырулар арқылы жалдамалы пәтер тапсаңыз, мұқият болу және меншік құжаттарын алдын ала тексеру қажеттігін ескертеді.