Айдын – тағы да Азия чемпионы!

Айдын – тағы да Азия чемпионы!

11-13 шілде аралығында Комбоджа елінде аралас жекпе-жектен Азия чемпионаты өтті.
Пномпень қаласында 15 мемлекеттің сайдың тасындай іріктелген 150 үздік спортшысының басын қосқан дүбірлі додада Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкері Айдын Төлепбаев 77 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Палуан полицей бұл чемпионатта Филиппин, Қырғызстан және Тайланд мемлекеттерінің спортшыларымен күш сынасып, барлық жекпе-жекте өзінің үздік екенін тағы да паш етті.
«Сайысқа екі жарым айға жуық уақыт дайындалдым. Тәуелсіз еліміздің Көк Туының астында белдесу - жігіттік жігердің сыналып, ел намысының нағыз бәйгеге түсер шағы. Ал, байрақты бәсекелерде еліміздің Туы көкке көтерілгенін көру, Әнұранын шырқау – мен үшін үлкен бақыт» - дейді чемпион А.Төлепбаев.
Төрткүл дүние көз тіккен спорттық сайыстарда ұлттық құрама сапында еліміздің көк байрағын көкте желбіретін жүрген Айдынның үлкен спорттағы жетістіктері аз емес. Полиция капитаны Айдын Төлепбаев - панкратионнан және қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы, аралас жекпе-жек пен әмбебап жекпе-жектен Азия чемпионы. Спорттың 4 түрінен (аралас жекпе жек, әмбебап жекпе-жек, панкратион, қоян-қолтық ұрыстан) халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Қазіргі уақытта әлемнің қос дүркін, Азияның үш дүркін чемпионы атанған атақты спортшы күзде Бангкокта өтетін Азия ойындарына және Түркия мемлекетінде өтетін әлем чемпионатына дайындық үстінде.