Полицейлер ұры-рецидивисттен 15 ұялы телефон тәркіледі

Полицейлер ұры-рецидивисттен 15 ұялы телефон тәркіледі

Полиция қызметкерлері күдіктіні Ақтөбе қаласындағы саяжай алаптарының біріне заңсыз кіріп, ұрлық жасамақ болған жерінен ұстады.
Ер адам үйдің терезесін итеріп ашу арқылы кірген. Осы кезде саяжайына келген үй иесі ашық тұрған терезені көріп, дереу полицияға хабарласқан. Шақыртуға жақын маңдағы саяжай алаптарын патрульдеп жүрген полиция жасақтары жылдам жетіп, жасырынбақ болған күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Зейнеткердің үйіне ұрлыққа түскен азаматты тінту барысында одан 15 ұялы телефон мен телефонға арналған аксессуарлар (телефон қабы, қуаттау құрылғылары т.б.) тәркіленді.
Тергеп-тексеру барысында бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған 33 жастағы облыс тұрғыны ұялы телефондарды басқа да саяжайлардан ұрлап, сатпақ болғанын мойындады. Қазіргі таңда ұрланған заттардың иесін анықтау мен тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.