Ақтөбеде интернет алаяқтықтың саны артуда

Ақтөбеде интернет алаяқтықтың саны артуда

Ағымдағы жылдың 9 айында облыста 1347 алаяқтық фактісі тіркелді. Айта кету керек, көптеген адамдар шығын көлемі аз болғасын немесе алаяққа алданғанын толыққанды түсінбегендіктен, полицияға жүгінбейді. Құқық бұзушылықтардың жалпы санының негізгі бөлігі – интернет-алаяқтық, жыл басынан бері 876 дерек тіркелді, барлық тіркелетін алаяқтықтың 63,8% құрап отыр.
Құқық қорғау органдары алаяқтық схемаларды анықтау үшін күн сайын әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге үнемі мониторинг жүргізеді.
Статистика көрсеткендей, алаяқтар жұмыс істейтін ең көп таралған интернет-порталдар Оlx.kz -103, Instagram-59, Kolesa.kz – 32 (WhatsApp, Telegram, Viber) - 74 дерек.
Айта кетейік, түрлі ұйымдарда үшінші тұлғалардың онлайн-несиелерді рәсімдеу жағдайлары жиілеп кетті. Осылайша 213 қылмыс жасалды.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтауды тағы да еске салады. Сіз өзіңіздің жеке деректеріңізді, банк карталарының деректемелерін, пин-кодтар мен құпия сөздерді бейтаныс адамдарға, тіпті банк немесе полиция қызметкерлеріне де айтпаңыз. Жеке деректерді белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа дерек көздеріне жібермеңіз. Сондай-ақ, тауар үшін алдын ала төлем жүргізуге, күмәнді мәмілелер бойынша аударымдар жүргізуге болмайды. Смартфонға немесе компьютерге функционалы сізге белгісіз қосымшаларды орнатудың қажеті жоқ және ешқандай жағдайда төлем жасау үшін сізге жіберілетін немесе белгісіз адамдардан келетін сілтемелерге кірмеңіз.