Құқығынан айырылған жүргізуші мас күйінде қайта көлік басқарған

Құқығынан айырылған жүргізуші мас күйінде қайта көлік басқарған

Көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, Хромтау тұрғыны қайтадан рөлге отырып, алкогольдік масаң күйде көлік басқарған.
19 қыркүйек күні сағат 01:30 шамасында Хромтау қаласында патрульдеу барысында полиция қызметкерлері Opel Vectra автокөлігін тоқтатқан.
Көлік тоқтағаннан кейін жүргізуші көліктен түсіп, полиция қызметкерлерінен қашып кетуге әрекет жасаған. Алайда тәртіп сақшылары оның әрекетін дер кезінде тоқтатып, жүргізушіні ұстады.
Тексеру барысында ер адамнан алкогольдік масаңдық белгілері анықталған. Сонымен қатар оның осы жылдың тамыз айында көлік құралын басқару құқығынан алты ай мерзімге айырылғаны белгілі болды.
Соған қарамастан, жүргізуші заң талаптарын елемей, қайтадан көлік тізгініне отырған және масаң күйде көлік басқарған.
Автокөлік Хромтау аудандық полиция бөлімінің арнайы автотұрағына қойылды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында көлік басқару құқығынан бұрын айырылған адамдардың қайтадан көлік басқаруына қатысты 47 факт анықталды.