
Қоқыс тастап кеттіңіз бе? Камера бәрін тіркейді. Ақтөбеде қоғамдық орындар мен ортақ аумақтардың тазалығы бейнебақылау камералары арқылы тұрақты бақылауда. Қоқыс тастау, аумақты ластау немесе абаттандыру талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда, құқық бұзушы полиция назарынан тыс қалмайды.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластауға байланысты 1171 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 47-сі кәсіпкерлерге қатысты, қалғаны жеке тұлғаларға тиесілі.
Талапты бірнеше рет бұзғандарға да жауапкершілік қарастырылған. Биыл 35 адам 40 сағатқа, тағы 8 адам 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды.
Бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіпті бақылаумен қатар, құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, нақты шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Қала тазалығы қоқыс тастамаумен ғана шектелмейді. Аула, ғимарат маңы және ортақ пайдаланылатын аумақтарды тиісті деңгейде күтіп ұстау да – абаттандыру талаптарының бірі.
Жыл басынан бері абаттандыру талаптарын бұзғандарға қатысты 6215 әкімшілік хаттама толтырылып, 6 мыңнан астам адамға ескерту жасалды. Сонымен қатар талаптарды орындамаған 14 кәсіпкерге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Бұл – жай ғана статистика емес, қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы нақты жұмыстың нәтижесі. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы анықталған әрбір құқықбұзушылық назарға алынып, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады.
Қала тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік. Қоқысты арнайы белгіленген орындарға тастау, қоғамдық аумақтарды ластамау және ортақ кеңістікке ұқыпты қарау – әр азаматтың міндеті.