Кірпіштің астындағы кілт: Шалқарда пәтер ұрлығы ашылды

Кірпіштің астындағы кілт: Шалқарда пәтер ұрлығы ашылды

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында пәтер ұрлығы орын алды. Үйден шамамен 1 млн теңге тұратын алтын бұйымдар мен әшекейлер ұрланған.
Ең қызығы – есікті бұзудың немесе құлыпты ашудың қажеті болмаған. Полиция қызметкерлері анықтағандай, үй иесі пәтердің кілтін кіреберістің жанындағы кірпіштің астына қалдырған. Ұрыға тек «жасырын» орынды тауып, кілтті пайдалану жеткілікті болған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция 39 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Ол пәтерге кіріп, алтын бұйымдарды ұрлаған, кейін оларды ломбардқа өткізген.
Яғни, бұл жолы ұрыға есікті бұзу да, құлыпты ашу да қажет болмаған. Кілттің өзі «қош келдіңіз» деп күтіп тұрған.
Полиция азаматтарға ескертеді: пәтердің кілтін есіктің маңындағы кірпіштің, кілемшенің немесе басқа да көпшілікке белгілі жерлердің астына қалдырмаған жөн. Кірпіш құрылыс материалы болғаны жақсы, бірақ сейфтің рөлін атқара алмайды.
Аталған факті бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция азаматтарды өз мүлкі мен кілттерінің қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады.