
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында прокуратура органдарының үйлестіруімен полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласындағы ойын-сауық орындарының бірінде жергілікті тексеру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында клуб ғимаратында, атап айтқанда ерлер дәретханасында есірткі заттарына ұқсас үш орама анықталып, тәркіленді.
Сонымен қатар, тексеру кезінде металл кастет пен екі жиналмалы пышақ табылып, тәркіленді.
Бар сөресінің маңынан полиция қызметкерлері төрт кальян анықтады. Бұдан бөлек, іс-шара өткізіліп жатқан уақытта клубта 2009 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірімнің болғаны анықталды. Бұл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына қатысты заңнамада белгіленген талаптарды бұзу болып табылады.
Анықталған фактілер бойынша ойын-сауық орнының әкімшілігіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабы — кәмелетке толмаған адамның түнгі уақытта ойын-сауық орнында болуына жол бергені үшін, 441-бабының 1-бөлігі — темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін, сондай-ақ 200-бабының 1-бөлігі — алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар, тексеру барысында клубтың күзетшілері тиісті еңбек шарттарын жасаспай жұмыс істегені анықталды.
Жалпы, полиция бөліміне 17 адам жеткізілді.
Тәркіленген заттар олардың құрамын және есірткі немесе айналымына тыйым салынған өзге де заттарға қатыстылығын анықтау мақсатында тиісті зерттеуге жолданды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға, тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтауға, сондай-ақ ықтимал қылмыстық әрекеттерді құжаттауға бағытталған қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Зерттеу нәтижелері мен тергеу іс-шараларының қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалардың әрекеттеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі.
Полиция ойын-сауық орындарында құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Бұл ретте заңнама талаптарының сақталуына, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.