
Ақтөбеде 70 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды.
Белгісіз тұлғалар әйелге WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар медициналық қызметтерді әрі қарай алу үшін қайта тіркеуден өту қажет екенін айтып, әйелдің телефонына келген SMS-кодты айтқызған.
Біраз уақыттан кейін зейнеткерге өздерін eGov порталы мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалған. Олар алаяқтардың оның банк шоттарына қол жеткізуге әрекет жасап жатқанын айтып, ақшаны «сақтап қалу» үшін өздерінің нұсқауларын орындауды талап еткен. Нәтижесінде әйел олардың айтқанын орындап, 750 мың теңгесінен айырылып қалған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Ақтөбе облысы полиция департаменті ескертеді: мемлекеттік органдардың, банктердің және медициналық ұйымдардың қызметкерлері ешқашан телефон немесе мессенджер арқылы SMS-кодтарды, құпиясөздерді немесе банк картасының деректерін сұрамайды. Егер осындай қоңырау шалынса, әңгімені дереу тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөміріне өзіңіз хабарласыңыз және ешкімге жеке деректеріңізді жарияламаңыз.