Үш күнде - 33 айыппұл: бұл мақтанатын рекорд емес

Үш күнде - 33 айыппұл: бұл мақтанатын рекорд емес

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіні анықтады.
Полицейлердің мәліметінше, 22 жастағы ақтөбелік әкесінің үйде жоқтығын пайдаланып, оның Toyota автокөлігін рұқсатсыз алып кеткен. Кейін көлікке шетелдік мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып, қала көшелерінде емін-еркін жүрген.
Небәрі үш күннің ішінде жас жүргізуші Жол қозғалысы ережесін 33 рет бұзып, 1 миллион 300 мың теңгеден астам сомаға айыппұл «жинаған». Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жылдамдықты белгіленген мөлшерден асыру.
Нәтижесінде «серуеннің» соңы күткендей аяқталмады. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Ақтөбе облысы полиция департаменті ескертеді: мемлекеттік нөмірді ауыстыру камералардан жасырып қалмайды. Ал жылдамдыққа деген әуестік өте тез арада қомақты айыппұлға ұласуы мүмкін. Жол қозғалысы ережелерін сақтау әр жүргізушінің міндеті әрі жолдағы барша адамның қауіпсіздігінің кепілі.