Ақтөбеде «Есірткісіз өмір» акциясы өтті

Ақтөбеде «Есірткісіз өмір» акциясы өтті

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні қарсаңында Ақтөбе қаласында «Есірткісіз өмір» атты профилактикалық акция ұйымдастырылды.
Іс-шараны Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі Кеңес мүшелері және қалалық Көркемсурет лицейі бірлесіп өткізді.
Акцияның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы түсіндіру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыру.
Шара барысында оқушылар өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынып, суреттері арқылы есірткінің қоғамға тигізетін зардаптарын бейнеледі. Жас суретшілер көпшілікті зиянды әдеттерден аулақ болуға, денсаулықты сақтауға және белсенді өмір салтын ұстануға шақырды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері мен Кеңес мүшелері жастармен профилактикалық әңгімелер өткізіп, есірткіні қолдану мен таратудың құқықтық салдары туралы түсіндірді. Қатысушыларға нашақорлықтың адам өмірі мен қоғамға тигізетін кері әсері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.