
Қазақстан полициясы күніне орай полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына арнап ашық аспан астында мерекелік концерт ұйымдастырды.
Бұл жолы сахна төріне кәсіби әртістер емес, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлері шықты. Түрлі қызметтердің өкілдері патриоттық және эстрадалық әндерді орындап, шығармашылық қойылымдар ұсынып, өздерінің өнерге жақын қырын танытты.
Концерт барысында көрермендер тәртіп сақшыларын күнделікті қызметтік міндетін атқарып жүрген мамандар ретінде ғана емес, шығармашылығы мен таланты үйлескен жан-жақты тұлғалар ретінде де көре алды. Әрбір өнер нөмірі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік атмосфераны одан әрі жандандыра түсті.
Мерекелік кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенім мен құрметті нығайтуға бағытталған тағылымды іс-шаралардың біріне айналды. Қазақстан полициясы күніне арналған концерт жиналған көпшілікке жарқын әсер қалдырды.